Депутаты
Президент Жолдауы бойынша халықпен кездесулер өткізілді
10-09-2019 17:19
Президент Жолдауы бойынша халықпен кездесулер өткізілді

Бірыңғай ақпараттық күн аясында облыстық мәслихаттың хатшысы Бақыт Бексейітованың төрағашылығымен өткен ақпараттық топ  еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына «Сындарлы Қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауының басты қағидаларын түсіндіру бойынша Кенжекөл және Павлодар ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Ақпараттық топ мүшелері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы – Жұмағұлов Тоқтамыс, Нұр Отан партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары – Тәйкебаева Жұлдыз, облыс кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары – Сәкенов Айдос сөз сөйлеу барысында азаматтық қоғамды дамыту және нығайту, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күрес, кіші және орта бизнесті, «қарапайым экономиканы» қолдауға қатыстынегізгі мәселелер бойынша түсініктемелер берді. Бақыт Бексейітова әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінің басты тапсырмалары бойынша сөз сөйледі. Депутат, Президенттің Жолдауда әлеуметтік қолдау шараларына ерекше екпін қойғанын атап өтті. Осы жылы халықтың әл-ауқатын арттыру және халықтың күнкөрісі төмен санаттарын қолдау мәселелеріне айтарлықтай назар аударылды. Мемлекет басшысымен білім беру сапасын арттыру бойынша тапсырмалар қойылды, ауылдық талантты жастарды іріктеу бойынша, кейін оларды отандық және шетел ЖОО-нда оқыту және даярлау үшін, күнкөрісі төмен және көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау бойынша жол картасын әзірлеу жөнінде, медициналық қызметтердің сапалығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, зейнетақы жүйесін дамыту бойынша және т.б. тапсырмалар берілді.

Сөз сөйлегеннен соң ақпараттық топ мүшелері сұрақтарға жауап берді. Павлодар ауылының тұрғындары бала-бақша, Мәдениет үйі, су құбырының құрылысы туралы сұрақтар қойды. Осы сұрақтар жергілікті атқару органдарына қарастыру үшін берілді.